Тәуелсіздік тұғыры
Тәуелсіздік тұғыры

                                                                                      Тәуелсіздік тұғыры

 

     Қазақ деген атауға келетін болсақ 1465 жылы Қазақ хандығы құрылып, ХV ғасырдың аяғы мен ХVІ ғасырдың басында қазақ халқы қалыптасып, «қазақ» сөзінің халық аты ретінде берік орныққаны тарихтан мәлім. Өткен тарихты қопарып Керей мен Жәнібекті еске алсақ, ата - бабамыздың аяққа тік тұрып, біз қазақпыз, біз тәуелсізбіз деген ұраны еске түседі. Еліміздің сан ғасырлық тарихында мақтаныш тұтар, бүгінгіміз бен келешегіміз үшін ғибрат алар,кеудемізге қиналғанда үміт отын жағар оқиғалар мен Отан алдындағы адал қызметінен үлгі алар ұлы тұлғалар аз болмаған. Халқымыз сол заманнан бері –ақ, елінің елдігін, жерінің байлығын сақтап қалу жолында талай ержүрек, ақылды, шешен де білгір азаматтарының бастауымен «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы», «Тәуке ханның жеті жарғысы» деген қағидаларды сақтап, «Абылайдың ақ жолын», жалғастырып келе жатырмыз. Ақ киізге көтеріліп қай хан киелі қазақ даласына  хан аталса да, ұлым құл болмасын , қызым күң болмасын деп, қасық  қаны қалғанша күресіп, қазақтың болашағын ойлап өтті. Серік Сейітман бауырымыз жырлағандай,

  Бір сен үшін отқа түсіп жан шыбын,
  Бақытынан безді бабам бал-шырын.
  Ұйықтамады,
  Көз шырымын алды олар

  Маңдайына сабын тіреп қамшының – дегендей

бабаларымызда бір ғана тілек  болды, ол жаугершілік заманда елімізді қалай аман сақтап, «Қиядан қыран ұшса қиялы күйетін, құлан жорытса тұяғы тозатын, Атырауы айшылық, Қаратауы күншілік» кең байтақ жерімізді ұрпағымызға қалай аманат етіп қалдырамыз деген.

   Одан кейін ғасырларда Абай, Шоқан, Ыбрай дәуірін қылыштың жүзінен гөрі, қаламның сиясының қуатты екенін дәлелдейді. XIX ғасырдың соңы XX ғасырдың басын ала бере «Өз елімнің басы болмасам да, сайының тасы болайын» деп ұрандатып, қазақтың көзі ашық, көкірегі ояулары  оқығандары шықты. ХХ ғасыр қазаққа өте бір ауыр, қайғылы болды. Әр бір шаңырақ кем дегенде бір өлімнің дәмін татты. ХХ ғасырдың тарихы қаламсаптың көк сиясымен емес, қазақтың қызыл қанымен жазылды.

   Өткен ғасыр басында тәуелсіздік деп шырылдап, қазақ төріне Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Мұстафа, Мұхтар, Сұлтанмахмұттар шықты. «Саусақ бірікпей, ине ілекпейді» демекші, бұлар өздерінің бір қол екенін, ауыз біршілігін, көрегенділігін, салиқалы саясатын, білімділігін, имандылығын, отан сүйгіштігін, ұлтқа қалай қызмет көрсету керек екенін, ұрпақтарына тарих қылып жазып кетті.

   1931 – 1933 жылғы ашаршылық қолдан жасалды. Ата – бабамыз аштан қырылды. Сол жылдары нәубетке ұшырамаған, аштық тауқыметін татпаған қазақ қалған жоқ. Бұл жылдар қазақ тарихына «Ұлы жұт» деп жазылды. Миллиондаған қаншама қазақ шет ел асып босып кетті. Қазір теледидардан Сириядан қашқан босқындарды көрсем, солардың орнына 31 – 33  -ші  жылдағы өз елінен амалсыздан кеткен ата – бабамды көрем. Қазіргі уақытта  сол кезде аштық көрген ақ сақалды ата, ақ жаулықты әжелерімізден бұл сұрапыл  «Ұлы жұтты» сұрасақ, сен сұрама, мен айтпайын деген қалге жеткізді. Бейбіт күнде көзіне жас алғызды, жүрегін жаралады, тұла бойын қырқыныш биледі. Бұл жылдар өшпес тарихта қалды.

  1937 – 1938 жылғы қырғыны әдейі істелді. Сондағы атамды атқан себебі, көзі ашық, көкірегі ояу, ұлтын сүйгені үшін, тәуелсіздік деп шырылдағаны үшін атты. Әлиханның Міржақып пен Ахметке түрмеден жолдаған хатында «Алда әлі күнді көретін ұрпақ келеді. Сол ұрпақ сендерді үлкен ризашылықпен, үлкен құрметпен еске алатын болады. Күрес жолына түскендеріңе өкінбеңдер» деген. Иә, сол ұрпақ біз, біз сіздерді үлкен ризашылықпен, үлкен құрметпен әрдайым еске аламыз және есімізден шығармаймыз.  Абай атамыз «Өлді деуге болама, айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» демекші, әрбір атылған оқ, әрбір мылтықтың даусы әрбір қазақтың анасынан шырылдап туылған жас сәбиінің жүрегінде hәм денесінде.

   1941 – 1945 жылдары қазақ Ұлы Отан соғысын бастан кешірді. «Отаны бірдің жүрегі бір, жүрегі бірдің тілегі бір» дегендей КСРО – ның ұлты мен ұлысы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара бүкіл КСРО болып бұл соғыста Фашисттік Германияны қайдан бет алып шықса, сонда қуып тығып, тарихта қалатын екінші дүние жүзі соғысын жеңіспен аяқтады. Батыр Бауыржан атамыз айтқандай «Отан үшін отқа түс – күймейсің, арың үшін алыссаң – өлмейсің»  демекші, аталарымызда жанкештілік, батырлық, қайсарлылық, қайраттылық, ар – намысты жанынан жоғары қоя біліп, ұрпағына отанды қалай қорғау керек екенін көрсетіп, шариғатша айтсақ «Жиhад жолында» күресіп, Отан үшін Алла жолында жанын пида етті. Қазіргі қоғамда жастардың жиhадшылап өзге елге кетіп қалуының дұрыс еместігін, Алла жолында «Жиhадты» қалай жасау керек екенін ұрпағына көрсетті емеспе.

   «Жығылғанға жұдырық» дегендей, енді соғыстан көз ашып, аяғына тік тұрып келе жатқанда,енді соғыс болмасын, енді бейбітшілік заман болады деп үміттенген қазақ даласы, тағы бір қанға толы емес, бұл соғысқада ұқсамайды, бұрындары бұндайды көрмеген, бұл қазақ даласына тасталған ядролық бомбалар еді. Халықтың төбе шашы тік тұрды. Не айтарын білмей, не жазарын білмей, қазақ деген халық бұл ядролық химикаттардың зардабын тартып, жарты ғасырға жуық қазақ даласы атом және гептил бомболарымен уланды. Әлемде ядролық бомбоны екі ұлт зардабын тартты десек қателеспейміз. Оның бірі жапон болса бірі қазақ.

    ХХ ғасырдың қазақ даласындағы соңғы көтерілісі 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі еді. Алматының орталық алаңында КСРО үкіметінің отаршылдық, әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы наразылығын көрсетті. Көтерілістің басталуына Мәскеудегі орталықтың республика халқының пікірімен санаспастан Ресейдің Ульянов облысы партия коммитетінің 1-хатшысы Г.В. Колбинді ҚКОК-нің 1-хатшысы етіп тағайындауы түрткі болды. Қойдан жуас қазақ жастары Қазақ елінің басшысы қазақ болу керек екенін, Мәскеудің бізбен санасу керек екенін дәлелдеді сол кезде. Бірақ Алматының орталық алаңы қанға боялды. Қақаған қыста үстеріне су шашты, итке талатты, соққының астына алды. Қазақтың жап – жас ұл қыздары қыршынынан қиылды. Оқудан шығарылды, қуғындауға ұшыралды, сотталды және атылды. «Елің – панаң, жерің – анаң» демекші олар панасы үшін сотталды, анасы үшін атылды.

  Ғасырлар бойы армандап өткен, қол жайып күндіз түні Құдайдан сұрап кеткен, азаттық үшін талай тарланның тақымында тер кеппеген, өмірлерін ат үстінде өткізген, тәуелсіздік деп шырылдап кеткен, азаттық деп айқайлап өткен, мың өліп, мың тірілген ата – бабамның асқақ арманы 1991 жылы 16 желтоқсанда орындалды. Қазақстан өзінің тәуелсіздігін жариялады. Тәуелсіздік — халықтың үні, ұлттың тілі мен ділі. Тәуелсіздік — халықтың тойы, елдің тойы. Ешкімге бағынбайтын, ешкімнің қас пен қабағына қарамайтын әлемдік картада Қазақстан деген тәуелсіз ел пайда болды.

     Тәуелсіздіктің құнын түсінген адамдар көздеріне жас алды, өңімізбе әлде түсімізбе деп таңданып, Құдайға мыңда бір шүкір деп, қан шығарып, тәуелсіздік үшін құрбан болғандарына дұға бағыштап, тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын деп жатты. Тәуелсіздік ата – бабамыздың бейіттегі ұйқысын тәтті қылды, ұрпақтарының бет жүзін жарқын қылды. Өз елінде еңсесін көтеріп, тік жүре алатын жағдайға жеткізді. Азаттықтың таңы атты. Қазақ өзінің ата – бабасынан мұра болып қалған жеріне ие болды, тілі мен діні жаңғырды, өзінің заңын жазды, өзінің төл теңгесін шығарды. Бұдан асқан қандай бақыт керек?!

   Қазір еліміз аман, жұртымыз тыныш, өзге алпауыт елдермен иық тірестіре алатын жағдайға жеттік. Себебі қазір көзіміз ашық, көкірегіміз ояу. Біздің қолымызда қанның емес, тердің иесі бар. Осы бір киелі тәуелсіздігімізді баянды етіп, ұрпақтан ұрпаққа аманат етіп жеткізіу, біздің ата – баба алдындағы борышымыз.

  Жалпы, халқымыздың бірне­ше ғасырларға созылған азаттық пен еркіндік жолындағы күрес  тари­хы – елдік мүдде үшін бірік­кен әрі бүгілген саусақтар іспет­тес. Тәуелсіздік деген 11  әріпте, 11 миллион қазақтың қаны бар десек қателеспейміз.Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай.

Елеусін Ибрагимов

Елеусин ИбрагимовЕлеусин Ибрагимов
8 лет назад 4776
0 комментариев
О блоге